Тереңкөл ауданында медициналық пункттің құрылысы қарқынды жүруде

Тереңкөл ауданында медициналық пункттің құрылысы қарқынды жүруде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сондай-ақ мәдениет үйінде күрделі жөндеу жүргізілуде, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«AMANAT» партиясының Жол картасы бойынша жоспарлы мониторинг аясында Павлодар облысының Тереңкөл ауданына жұмыс сапары ұйымдастырылды. Мониторингтік топ Ивановка ауылында бірден екі маңызды нысанды тексерді — жаңа медициналық пункттің құрылысы мен мәдениет үйінің күрделі жөндеуі. 

Жұмыс тобының құрамында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мухамедьярова, Павлодар облысы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко және облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Канат Сатабаев болды.

Партияның Жол картасына басым бағыт ретінде енгізілген медициналық пункт қарқынды түрде салынып жатыр. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жалпы жұмыстар көлемінің шамамен 60 пайызын орындады. Құрылыс толықтай алдағы екі ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда.

Біз мұнда жай есеп үшін келіп отырған жоқпыз. Медициналық пункт пен мәдениет үйі — ауыл өмірінің әлеуметтік тірегі. Әрбір осындай жоба сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс, — деді Айнур Мухамедьярова.

Сондай-ақ, мониторингтік топ мүшелері жергілікті мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда да жұмыстар белсенді жүргізілуде: шатыр жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды, әрлеу және қасбеттік жұмыстар атқарылуда. Мердігерлер бұл нысанды да алдағы екі ай ішінде толығымен аяқтайтынын мәлімдеді.

Бүгінгі сапар — партиялық бақылаудың нақты құралы. Әр нысан — адамдардың шынайы үміті. Біз тек есеппен шектелмей, нақты нәтиже көрсетуіміз керек, — деп толықтырды Қанат Сатабаев.

Құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барлық кезеңдері нысандар толық пайдалануға берілгенге дейін партиялық комиссияның тұрақты бақылауында болады.