Успен ауылында заңсыз алкоголь сатқан кәсіпкер жауапқа тартылды

Успен ауылында заңсыз алкоголь сатқан кәсіпкер жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жеке кәсіпкер құқық бұзушылық жасағанын толық мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға ағымдағы жылдың қаңтар айында орын алған. Успен ауылында орналасқан дүкенде сатушы 21 жасқа толмаған адамға 6%-дық бір банка сыра сатқан.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жиырма бір жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімін сату лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіш (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

– Сот жеке кәсіпкерді құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 1 ай мерзімге алкоголь өнімін сатуға лицензиясының қолданылуын тоқтатып, 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды, – делінген хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енді.