Аққулы ауданында ауыл тұрғыны үйінде қарасора өсірген

Аталған жайт ер адамның тұрғылықты жерін тінту кезінде анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жедел жұмыс барысында Аққулы ауданының 46 жастағы тұрғынын ұстады. Ол өз үйінде жабайы қарасораны заңсыз өсірген.
Ер адамның тұрғылықты жерін тінту кезінде бөлмеде қарасора бұталары табылды. Ол қарасора өсіргенін, алынған өнімді жеке пайдалануға арналған есірткі жасағанын түсіндірген.
– Сарапшылардың қорытындысына сәйкес заңсыз айналымнан алынған каннабис тектес өсімдіктердің жалпы салмағы үш келіден асты, – деп хабарлады департаментте.
Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.