Павлодарлыққа миллион теңгеден астам айыппұл салынды
Ол бұған дейін көлік жүргізу куәлігінен айырылған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық полиция батальонының инспекторлары «ВАЗ – 2114» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарды тексеру барысында жүргізуші 2022 жылы көлік жүргізу куәлігінен айырылған екені анықталды.
– Автокөлік айып тұрағына қойылды. Ал жүргізушіге бір миллион теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынды, – дейді департаментте.
Айта кету керек, «Қорғау» бағдарламасын жүзеге асыру барысында борышкерлерден 10 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар өндірілді. 77 көлік құралының жүргізушілері ұсталып, жауапқа тартылды. Бұл автомобильдер бұрын анықталмаған көлік құралдары ретінде қарастырылған. Себебі олар шет мемлекетте есепте тұр. Екі жүргізуші жүргізу құқығынан айырылды.