Вейп саудасы: Павлодар облысында 10 миллион теңгеге тауар тәркіленді
Өңірде темекі шегуге тыйым салуды бұзудың 500-ге жуық фактісі тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжиннің айтуынша, 2024 жылы ішкі істер органдары «мүлдем төзбеушілік» шеңберінде 117 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
Оның ішінде 1375-і – ұсақ бұзақылық, 6929-ы – тыныштықты бұзу, 6282-сі – абаттандыру ережесі, 1990-ы – жалпы пайдаланымдағы орындарды ластау, жол қауіпсіздігі бойынша 91 мыңнан астам, оның ішінде мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін 1622 бұзушылық тіркелген.
Ал темекі шегуге тыйым салуды бұзудың 496 фактісі тіркелген.
– Былтырдан бастап «вейп» сатуға тыйым салынғандықтан, интернетте тұрақты мониторинг жүргізудеміз. Нәтижесінде 2024 жылы сегіз интернет-дүкенді әшкереліп, 10 миллион теңгеге тауар тәркіленді. Сондай-ақ, Павлодар қаласында «вейп» сақтайтын ірі қойма анықталып, бес миллион теңгеге тауар алынды, – деді Руфат Кенжин.
Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішудің 9794 фактісі тіркелген, бұл – өткен жылмен салыстырғанда артық.
– Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу – маусымдық бұзушылық. Себебі, көрсеткіш жылы мезгілде өседі. Яғни тұрғындар алкогольді ішу үшін аулаға шығады. Бұл әрекеттерін үйде бала бар, ыңғайсыз, ал далада ешкімге кедергі жасамай, тыныш отыратындығымен байланыстырады, – дейді Руфат Кенжин.
Ол сондай-ақ, алкогольді заңсыз сату және оны 21 жасқа толмаған адамдарға сату фактісінің екі есе өскенін атап өтті.