Павлодарда Ішкі істер министрлігінің үздік атқыштары анықталды

Павлодарда Ішкі істер министрлігінің үздік атқыштары анықталды
Фото: полиция департаментінің баспасөз қызметі

Турнирде қатысушылар екі қарумен атқан болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Заң және тәртіп» концепциясын насихаттау мақсатында және «Динамо» ФСО қоғамдық бірлестігінің жүз жылдығына орай Павлодар қаласында жауынгерлік қарудан оқ атудан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионаты өтті.

Оқу-жаттығу алаңында еліміздің қауіпсіздік, арнайы және құқық қорғау органдарынан 26 команда, барлығы 130 қатысушы кездесті.

Екі күн бойы жауынгерлер Калашников автоматынан 100 бен 150 метр және Макаров тапаншасынан 25 метр қашықтықта оқ ату бойынша дәлдік бойынша сайысты. Турнир жеке және командалық есепте өтіп, қатысушылар жоғары кәсібилік пен қаруды меңгеру деңгейін көрсетті.

Әсерлі шараның қорытындысы бойынша қатысушылар арасынан үздік командалар анықталды. Алматы қалалық полиция департаменттерінің командалары – 1-орын, Қостанай облысы – 2-орын және Павлодар облысы – 3-орын алды.

Күзет органдары арасында «Динамо» ФСО Орталық кеңесінің командасы үздік атанса, екінші жүлдені Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрама командасы, үшінші орынды Ұлттық ұлан иеленді.

– Бұл турнир - тек дәлдік пен шеберліктің ғана емес, сонымен бірге қайсарлықтың да көрсеткіші. Әрбір қызметкердің қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы және қоғамдық тәртіпті қорғауға дайын болуы қажет, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Жеңімпаздар медальдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Командалық есептен бөлек, қатысушылар жеке номинациялар бойынша да марапатталды.