WorldSkills-2024: Павлодарда үздік студенттер марапатталды

WorldSkills-2024: Павлодарда үздік студенттер марапатталды
Фото: Валерий Бугаев

Ұлттық байқауға қатысатын өңірлік құрам бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруыменмектеп түлектері, колледж студенттері, бизнес және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылды. Шара барысында WorldSkillsPavlodar-2024 облыстық байқауының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Айта кетейік, Worldskillspavlodar-2024 өңірлік байқауы 26 наурыз бен 25 сәуір аралығында бес бағыт бойынша өткізілді. Ағымдағы жылы чемпионат мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін «BabySkills», облыс мектептерінің оқушылары үшін «JuniorSkills», ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін «Abilympics», аграрлық колледж студенттері үшін «AgroSkills» және 48 құзырет бойынша «WorldSkills» негізгі бағыты бағыттары бойынша өткізілді.

Негізгі құзыреттердің бірінші орын иегерлері қараша айында Астана қаласында өтетін WorldSkillsKazakhstan-2024 ұлттық байқауына қатысу үшін өңірлік құрамаға енді. Елу жеңімпазға дипломдар мен мүсіншелер табыс етілді.

– Біздің студенттер «WorldSkilsKhazakhstan-2023» ұлттық кәсіби шеберлік байқауында еліміздің үздік төрт командасының қатарына енді. Бұл – негізінен білім беру мекемелерінің қажырлы еңбегі. Біз өз тарапымыздан олардың сапалы білім алуына жағдай жасаудамыз, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.

Облыс әкімі студенттердің өздерін жайлы сезінуі және сүйікті ісімен айналысуы үшін облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда екенін атап өтті. Атап айтқанда, тегін оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін 1/3-тен астамға арттырылды.

– Сондай-ақ,ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттерге арналған стипендия 1,5 есеге ұлғайтылады. Жатақханаларда тамақпен және тұрумен, сондай-ақ қаладан тыс студенттер қоғамдық көлікте жол жүру өтемақысымен қамтамасыз етіледі. Оған қоса, ақылы практикада 250 мың теңгеге дейінгі жалақы ұсыналады. Ең үздік студенттер Германияда, Түркияда, Қытайда өз дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алады, – деді Асайын Байханов.

Бұдан бөлек, облыстың 34 колледжінде «Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасы іске асырылуда. Ол дипломмен бірге креативті индустрияның жаңа мамандықтары бойынша курсты оқу туралы сертификат алуға мүмкіндік береді. Өңір кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың арқасында студенттердің 96 пайызы жұмысқа орналастырылған.