Заря ауылының оқушысы республикалық зияткерлік ойында үздіктер қатарынан көрінді

Заря ауылының оқушысы республикалық зияткерлік ойында үздіктер қатарынан көрінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті мен «Хабар» ұлттық телеарнасының бастамасымен 11-сынып оқушылары арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты – білімге ынталандыру, дарынды оқушыларды қолдау және елдің интеллектуалдық әлеуетін дамыту.

– 2024 жылғы 27 қазанда Павлодар ауданында аудандық кезең, ал 4 қарашада облыстық кезең өтті. Облыстық сайысқа 37 жеңімпаз қатысып, олардың арасынан 5 оқушы республикалық деңгейге жолдама алды. Олардың қатарында Павлодар ауданы Заря жалпы орта мектебінің оқушысы Алдияр Жұмаш, дарынды балаларға арналған гимназиядан Ералхан Амангелді мен Айым Жалешева, облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатынан Әділ Амерканов және Екібастұз қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының оқушысы Жұлдыз Темербекова бар, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі. 

Республикалық кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 108 үздік қатысушы бақ сынады. Солардың ішінде Алдияр Жұмаш үздік алты финалистің қатарына еніп, терең білімімен, логикалық ойлау қабілетімен және көшбасшылық қасиеттерімен көзге түсті.

Заря мектебінің оқушысы «Хабар» телеарнасының арнайы дипломымен, ақшалай сыйлықпен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Фотосуретті облыстық білім беру басқармасы ұсынды