Заңсыз ойын: Павлодар облысында оқ-дәрілер мен өзге де құжаттар анықталды
Ұтыс ставкалары мен төлемдері қатысушылардың карт-шоттары арқылы жүзеге асырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, елдің бірнеше облысында жұмыс істеген заңсыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырушылары Солтүстік Қазақстан облысында анықталған. 100 мың теңгеге дейінгі ставкалары бар покер ойындары «Club GG» жалпыға қолжетімді қосымшасында мыңдаған аудиторияны тарта отырып, 40-тан астам ойын үстелінде өткізілген.
Құмар ойындарға қатысу үшін сайтта баланс толтыру мүмкіндігі және қатысушыларды тарту үшін 20 оператор жұмыс істейтін Call-орталығы бар телеграм-арнаға сілтеме жарияланған. Ұтыс ставкалары мен төлемдері қатысушылардың карт-шоттары арқылы жүзеге асырылған.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін құқық бұзушылар айналымның 10% алып отырған. Жыл басынан бері ғана қатысушылардың банктік шоттарына түскен қылмыстық табыс сомасы 55 млн теңгеден, қатысушылардың саны 4 мың пайдаланушыдан асады.
– Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы тұрғылықты жерлері бойынша, автомашиналарда, кеңселерде ондаған ноутбуктер мен компьютерлер, ұялы телефондар, ақша қаражаттары, мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылды. Сонымен қатар, иісі бар өсімдік тектес есірткі заты, қаруға арналған оқ-дәрілер мен өзге де құжаттар анықталды. Телеграм-арна бұғатталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп жазылған хабарламада.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Жалпы, жыл басынан бері Агенттік 19 заңсыз жасырын, онлайн казино, бір букмекерлік кеңсе, TikTok, Instagram әлеуметтік желілеріндегі ойындардың 11 онлайн трансляциясы, 12 ойын автомат залы және ойын терминалдарының заңсыз қызметінің үш фактісін тоқтатты.
1200-ге жуық ойын автоматы, терминалдар, покер үстелдері, рулеткалар, сондай-ақ 262,7 млн теңге сомасында ақшалай қаражат тәркіленді.