Зейнеткерлердің несиесі мен банкроттық рәсімдері жеңілдейді

Премьер-министрдің орынбасары депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі @BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі таңда банкроттық рәсімдерін жеңілдету бағытында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл түзетулер азаматтар мен зейнеткерлерге сотқа жүгінбей-ақ банкрот болу рәсімін жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар Мәжілісте қаралып жатқан жаңа заң жобасында 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімделген шағын несиелерге қатысты борышты реттеу талаптарын алып тастау көзделіп отыр.
Зейнетақыдан өндіріп алу мәселесіне тоқталған Үкімет өкілі, қазіргі заңнамаға сәйкес, зейнетақыдан ұстау 50%-дан аспауға тиіс екенін айтты. Алайда зейнетақыны толық қорғау банктердің зейнеткерлерге несие беруін шектеуі мүмкін.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың банк шоттарындағы қаражатын өндіріп алудан қорғау шаралары бар екені атап өтілді.