Жүлде қоры – 20 млн теңге: Павлодарда бәйге өтеді

Жүлде қоры – 20 млн теңге: Павлодарда бәйге өтеді
Фото: Константин Шелков

26 тамыз күні «Құлагер» ипподромында Қазақстан чемпионатының 6-шы іріктеу кезеңі өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараны ұйымдастырушы – Бәйге федерациясы.  

Жарыс бәйгенің құнан, топ, аламан түрлері бойынша өтеді. Жүлде қоры 20 миллион 900 мың теңгені құрайды. 

Құнан бәйге – 10 шақырымдық ат жарысы. Бұл бәйгеде бесінші орынға – 200 мың, төртінші орынға – 300 мың, үшінші орынға – 700 мың, екінші орынға – 1 миллион, бірінші орынға 2,5 миллион теңге беріледі. 

Топ бәйге – 17 шақырымдық ат жарысы. Мұнда бесінші орынға – 300 мың, төртінші орынға – 500 мың, үшінші орынға – 800 мың, екінші орынға – 1,5 миллион, бірінші орынға 4 миллион теңге табысталады. 

Аламан бәйге – 24 шақырымдық ат жарысы. Жоғарыдағы бәйгелерге қарағанда бұл бәйгеде жүлде қоры әлде қайда жоғары. Аламанда бесінші орынға – 400 мың, төртінші орынға – 700 мың, үшінші орынға – 1 миллион, екінші орынға – 2 миллион, бірінші орынға 5 миллион теңге беріледі.

Еске сала кетейік, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдық мерейтойында ұлттық ойындар ойнатылып, бәйге жарыстары ұйымдастырылған болатын. Бұл бәйгеде бірінші орындарға тігілген автокөліктерді Алматы мен Абай облыстарының шабандоздары алып кетті.