Жаңа талап: Павлодарлықтар мопедтерін қалай тіркей алады?

Ағымдағы жылдың соңына дейін екі мыңға жуық аталмыш көлік құралын қамту жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді механикалық көлік құралдарымен теңестіретін заңнамалық өзгертулер енгізіледі. Сол мерзімнен бастап мопедтерді пайдалану көлік құралын полиция органдарында тіркегеннен соң ғана рұқсат етіледі. Мопедті тізгіндеу үшін A1, А және В санатындағы жүргізуші куәлігі керек. ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңының 1-бабы 41-тармақшасына сәйкес, мопед – екі немесе үш дөңгелекті механикалық құрал. Ішкі жану қозғалтқышпен жабдықталған, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышпен жабдықталған және 50 км/сағ аспайтын максималды конструктивті жылдамдығы бар көлік.
Мопедтерге скутерлер мен осы қасиеттерге ие ұқсас механикалық көлік құралдары теңестіріледі. Бұл ретте жүргізушілер мопедпен жүргені үшін он мың теңгеден астам қаржы бөлуі тиіс.
– Мұндай қажеттілік мопед жүргізушілерінің жол-көлік оқиғасы орнынан жиі жасырынып қалуынан туындады, оларды жауапкершілікке тарту қиын болды, көбі жазасыз қалды, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті процессинг орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы Зәуреш Алтыбасарова. – Енді тіркелгеннен кейін мұны істеу мүмкін болмайды.
Өткен жылы облыс жолдарындағы мопед жүргізушілері 38 құқық бұзушылық жасаған.
ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес A1 санатын алу 16 жасқа толған тұлғаларға рұқсат етіледі.
Павлодар облыстық полиция департаменті процессинг орталығының бастығы Сейілхан Садықовтың айтуынша, мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жер бойынша мамандандырылған ХҚКО-ға бару керек.
– Тұрғылықты жері бойынша электронды түрде жүгінуге болады, содан кейін мопедтің техникалық сипаттамалары туралы техникалық құжатты немесе мәліметтерді ұсыну қажет, – дейді ол.
Көлікті тіркеу үшін жеке куәлік (электронды түрдегі нұсқасын да ұсынуға болады), техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттары туралы мәліметтерді ұсыну қажет. Өтінішті толтыру, мопедті қараудан өткізу және мопедті тіркеу үшін мемлекеттік баж төлеу (0,25 АЕК немесе 98З теңге), тіркеу туралы куәлікті алғаны үшін (25 АЕК немесе 4 915 теңге), мемлекеттік тіркеу номері үшін (1,4 АЕК немесе 5 505 теңге) төлеу керек.
Мопед немесе скутер жүргізушісінің жүргізуші куәлігі болса, осы көлік құралын тиісті жүргізуші санатындағы құжат негізінде басқаруға болады. Егер жүргізуші куәлігі болмаса, A1 санатындағы құжатты алу керек.
Айта кетейік, жыл басынан бері павлодарлықтар 200 мопедті тіркеген.
Заңнамалық өзгертулер мопед және скутер жүргізушілеріне ғана емес, бұл көлік құралын сатып алуды жоспарлаған азаматтарға да қатысты. Көлікті басқару үшін жүргізуші куәлігі мен құзырлы органда тіркеуден өту қажет.