Жалған шот-фактуралар: Павлодарда кәсіпкерлер миллиондап ақша тапқан
Өңірде шаруа қожалықтарына қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті ең қауіпті және күдікті қаржылық операцияларды анықтау үшін талдау және мониторинг жасау жедел алдын алу шаралары аясында ҚР ҚК-нің 216-бабында көзделген 30 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Келтірілген залал алты миллиард теңгеден асады. Оның 300 миллионы тергеу кезінде өтелді.
Бұл ретте, өткен жылы департамент қызметкерлері сотқа үш массив жіберген. Массив – кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын, тек жалған шот-фактураларды жазатын кәсіпорындар.
– Сотқа «Динамо» массиві жіберілді. Ол бойынша үлестес кәсіпорындарға қатысты ҚР ҚК 216-бабының үшінші бөлігі бойынша он қылмыстық іс тіркелді. Залал сомасы – шамамен 1,7 миллиард теңге. Сот үкімі бойынша «Динамо» өкілі сотталып, екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, – деді департамент басшысы Ерік Есенов.
Облыстың жүйелі проблемаларының бірі – заңсыз астық импорты. Бұл ретте, шаруа қожалықтарына қатысты 12 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 4,1 млрд теңге залал анықталған 10 қылмыстық іс сотқа жолданып, қаралды.
Олардың бірі – «Ертіс» шаруа қожалығы. Басшысы жалған шот-фактуралар есебінен 50 миллион теңгеге жуық кіріс тапқан. Ол бұл қаражатқа Toyota Camry автокөлігі мен Павлодардың элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған. Шаруа қожалығы басшысы үш жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Тағы бір кәсіпорын – «Восток» ЖК өкілдері бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Олар «Дамас» ШҚ, «Дияр», «Алтын Бидай», «Север», «Ансар» ЖК және «Ansar_ANSAR» ЖШС үшін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша жалған шот-фактуралар дайындаған. Қылмыстық табыс сомасы 50 миллион теңгені құраған.
– Біздің өңірдегі проблемалардың бірі – көршілес мемлекеттерден, атап айтқанда Ресейден «сұр» астықты үлкен көлемде әкеп, жалған шот-фактуралар жасап алып, өнімдерін таяу шығыс елдеріне Қазақстандық өнім ретінде экспортқа шығарады. Мысалы, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан сияқты мемлекеттерге жібереді. Бұл біздің еліміздің, өңіріміздің шаруа қожалықтарына зиянын келтіреді. Өйткені өзіміздің өнімдеріміз шетелге шықпай қалуы мүмкін немесе шыққан күнде де бағасы төмендеп кетеді. Сондықтан да мұндай заңсыз іс-әрекеттер біздің экономикамызға залал келтіреді, – деді спикер.
Айта кетейік, қылмыстық қолма-қол ақшаны алу фактілерін анықтау мақсатында департамент екінші деңгейлі банктердің қызметіне тұрақты түрде талдау жасайды. Экономикалық тергеу департаментіне 1458 нөмірі бойынша call-орталық арқылы хабарласуға болады. Өтініштердің барлық түрлері тәулік бойы қабылданады және қаралады.