Жарты жылда Армения экономикасы 6 пайызға өсті
Алғашқы жартыжылдықта Арменияның ішкі жалпы өнім көлемі 6%-ға өсті. Бұл туралы парламент депутаттарына 2027 жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасын таныстырған елдің Қаржы министрі Ваге Ованнисян мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
– Ішкі жалпы өнімнің көлемінің артуы жоғары экономикалық даму қарқынына байланысты. Жалпы, Армения экономикасының өсімі биыл - 5,6%, ал 2027 жылы 5,8% шамасында болады деп болжап отырмыз. Мәселен, алғашқы жартыжылдықта өсім 6%-ға жетті, – деді Ваге Ованнисян.
Министрдің айтуынша, 2027 жылы мемлекеттік бюджет кірістері - 3,6 трлн драм (шамамен $9,5 млрд), ал шығыстары 4,72 трлн драм ($13 млрд) шамасында болады.
Сонымен қатар келер жылы бюджет тапшылығын 537 млрд драмнан ($1,4 млрд) 468 млрд драмға ($1,2 млрд) дейін қысқарту көзделіп отыр. Осы ретте Ваге Ованнисян экономикалық тәуекелдерін ескере отырып, 2027 жылы мемлекеттік қарыздың ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі аздап өсетінін де атап өтті.