Жас өнертапқыштар Павлодарда бас қосты
Торайғыров университетінде AI&Arduino Hack хакатонының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жасанды интеллект пен робототехникаға арналған AI&Arduino Hack хакатоны өтті. Екі күнге созылған сайысқа Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орнынан студенттік командалар қатысып, Arduino платформасы мен жасанды интеллект технологияларын біріктіретін жобаларын таныстырды.
Хакатонды Торайғыров университеті ұйымдастырды. Жобаның басты мақсаты – студенттердің жасанды интеллект, компьютерлік көру, микроконтроллерлерді бағдарламалау және нақты жабдықтар негізінде интеллектуалды басқару жүйелерін құрастыру бағытындағы практикалық дағдыларын дамыту.
Қатысушыларға ортақ техникалық тапсырма берілді. Командалар компьютерлік көру технологияларын, Python бағдарламалау тілін, Arduino микроконтроллерін, түрлі датчиктер мен атқарушы құрылғыларды бір жүйеге біріктіретін жұмыс істейтін макет әзірлеуі керек болды. Жобаларды жасауға қажетті жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді ұйымдастырушылар ұсынды.

Екі күн бойы командалар өз шешімдерін әзірлеп, сынақтан өткізіп, соңында қазылар алқасына таныстырды. Ұсынылған жобалардың қатарында автоматтандырылған сақтау жүйесі, интеллектуалды шлагбаум және басқа да практикалық қолданысқа бағытталған әзірлемелер болды.
Бас жүлдені Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің командасы иеленді. Бірінші орын иегерлеріне 200 мың теңге табысталды.
Екінші орынды екі команда бөлісті: ALT University (Логистика және көлік академиясы) және Инновациялық Еуразия университеті. Әр команда 150 мың теңгеден алды.
Үшінші орын Еуразия ұлттық университеті мен Торайғыров университетінің командаларына бұйырды. Олардың әрқайсысы 100 мың теңге көлемінде жүлдеге ие болды.
ALT University командасы компьютерлік көру мен электрондық сәйкестендіруді қолданатын автоматтандырылған сақтау жүйесін ұсынды. Жүйе университет зертханаларындағы құрал-жабдықтар мен басқа да заттардың қозғалысын адамның тұрақты араласуынсыз есепке алуға арналған. Пайдаланушы камера арқылы сәйкестендіріліп, тіркелген картасын ұсынғаннан кейін ғана сақтау ұяшығы ашылады. Ал жүйе заттарды тану, олардың қозғалысын тіркеу және әкімшіге қашықтан бақылау жасау мүмкіндігін береді. Әзірлемеде Arduino, Python, SQLite дерекқоры, YOLO нейрондық желісі және Telegram-бот біріктірілген.

ИнЕУ командасы болса, кәдімгі шлагбаумның қолжетімді әрі интеллектуалды баламасын әзірледі. Сергей Балаба мен Богдан Громов авторлық еткен «Ақылды шлагбаум» жобасы көлік қозғалысын бақылау және шығуды басқару міндеттерін автоматтандыруға бағытталған.
Жалпы жүлде қоры 700 мың теңгені құрады. Хакатон жеңімпаздары дипломдармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
AI&Arduino Hack хакатоны студенттердің теориялық білімін нақты техникалық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, түрлі университеттердің жас әзірлеушілеріне тәжірибе алмасып, өз идеяларын кәсіби ортада қорғауға жағдай жасады.
Іс-шараның демеушісі – Halyk Bank.