Жасыбайда мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші 20 тәулікке қамауға алынды
Көлікте оның жас ұлы отырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары өткен тәулікте онға жуық мас жүргізушіні тоқтатты.
– Mazda маркалы автокөліктің жүргізушісі мас күйінде Жасыбай демалыс аймағынан аудан орталығына қарай аттанды. Салонда оның жас ұлы болды. Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа дәрежеде мас болғанын көрсетті, бұл ретте оның жүргізуші куәлігі болмаған. Жүргізуші жауапкершілікке тартылып, автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Материал сотта қаралып, жүргізуші 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – деді Баянауыл ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нығметолла Қаббасов.
Басқа жағдайда, Баянауыл ауданында жүргізуші орташа мас күйінде автокөлікті жүргізген. Бұл ретте салонда екі бала және екі ересек жолаушы болған. Жүргізушінің жағдайын біле отырып, оны ешкім тоқтатпаған. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Жүргізушінің тәртібі сотта қаралып, сот шешімімен ол 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды. Сот әйел жүргізушінің асырауындағы кәмелетке толмаған балаларын назарға алып, қамауға алмау туралы шешімді қабылдады.
Барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Полиция жүргізушілерге мас күйінде көлік жүргізу қаупін еске салады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында көлік құралдарын мас күйінде жүргізген 907 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.