Шарбақты ауданының шаруасы күнбағыстың қырыққа жуық түрін өсіреді
Биыл үлкен шаруа қожалықтарында лизинг негізінде техника жаңартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданында болды. Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың сөзінше, жалпы егістік көлемі 206,8 мың гектарды құрайды, оның ішінде 133,1 мың га дәнді дақылдар. Бүгінгі күні 57,9 мың гектар жиналды. Егіннің орташа шығымы 11,9 центнерді құрайды.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша биыл майлы дақылдар 11 мың гектарға, қарақұмық 4 мың гектарға, тары 5,7 мың гектарға көбейді, – деді Сержан Иманқұлов. – Бірінші жыл екі шаруашылық мақсары егіп көрді.
Асайын Байханов малдың азығы азайғанын байқап, аудан әкімінен оның себебін сұрады.
–Қажетті азық дайындалды. Көпжылдық шөптердің орнына егін салып жатырмыз. Бүгінгі күні аудан бойынша 22 мың бас қара мал бар. Малдың санағы аяқталды,– деді Сержан Иманқұлов.
Оның сөзінше, жаңа техника алу бойынша жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып жатыр.
–Биыл 30 техника алынды, оның ішінде өз қаржылары арқылы 13 техника, лизинг компаниялары арқылы 2 техника алынса, «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамдық арқылы 15 техника алынды.Техниканың саны көбеюде. Үлкен шаруашылықтарда жаңартылған,– деді аудан әкімі.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Доменка», «Никром», «Зерно» шаруа қожалықтарына барып, егін жинау науқанын көріп қайтты. Соңғы шаруашылықтың басшысы Құсайын Букаев бидайды егіп жатқанына үш жыл болды.
–Біз бидай, шекілдеуік, арпа, қарақұмықты салдық. 5,5 мыңдай жеріміз бар, оның 3,5 мың гектар жерде бидайды жинап алдық. Бидайдың өнімділігі жаман емес. Орташа көрсеткіші бір гектардан 12-16 центнерге дейін барады,– деді Құсайын Букаев. – Егін бабында бізде 21 кісі жұмыс істейді. Жұмыскерлерге қолдан келгенше көмек беріп жатырмыз. Техниканы лизингтан алдық.
Ал «Никром» шаруа қожалығында күнбағыстың 39 түрі өсіріледі.
–Биыл дала күнін өткізген едік. Сырттан адамдарды шақырып, күнбағыстарды көрсеттік. Келгендердің көбі кейін хабарласып, пікірлерін айтып жатты,– деді шаруа қожалығының басшысы Валерий Сорокин. – Біздегі күнбағыстар гибридті болып табылады. Жалпы 40 мың гектар жеріміз бар. Келесі жылы тыңайту үшін фосфор тыңайтқыштарын алдық.
Шаруа иесі өз жерінде тары, қарақұмық еккенін де айтты. Биыл ол Case IH Magnum 400 тракторын, Case IH AF 7 комбайнын сатып алды.
Жалпы ауданда күзгі дақылдарды жинауға 3362 тонна жанар-жағармай бөлінді. Бүгінгі күні 1999 тоннаға өтінім берілді, 1484 ақша төленіп, 1207 тонна шығарылды.