Павлодарда кәсіподақтардың республикалық форумы өтті

Павлодарда кәсіподақтардың республикалық форумы өтті

Жиында еңбек құқықтарын қорғау, жұмысшылардың қауіпсіздігі және өндірістің болашағы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегацияның қатысуымен кәсіподақтардың республикалық форумы ұйымдастырылды.

Жұмыс сапары Достық үйінде өңір кәсіпорындарының өнімдері қойылған көрмені аралаудан басталды. Онда Павлодар облысының өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды.

Форумды ашқан облыс әкімі Асайын Байханов еңбек адамдарының өңір экономикасындағы маңызына тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еңбек адамы әрдайым құрметке лайық болуы керектігін бірнеше мәрте атап өтті. Еліміздің болашағы білім мен ғылымға, инновацияларға және ең бастысы, еңбек адамына деген құрметке байланысты, – деді өңір басшысы.

Павлодар облысында 400 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 90 мыңға жуығы өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Өңірде мыңнан астам кәсіпорын бар. Сондай-ақ жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын кеншілер, энергетиктер мен металлургтердің 200-ге жуық әулеті қалыптасқан.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде кәсіптік білім беруді дамытуға, мамандарды қайта даярлауға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және лайықты жалақы төлеуге ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде әрбір үшінші жұмыс істейтін тұрғын кәсіподақ мүшесі болып табылады.

Форумның маңызды оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыхалықтық бастамасы» атты құжатты Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына ұсынуы болды.

Құжатқа еліміздің еңбек ұжымдары мен кәсіподақ ұйымдарының ұсыныстары енгізілген.

Жиында еңбекақы төлеудегі әділдік, ұжымдық шарттар, жұмыс істейтін әйелдерді қолдау, кадрлар даярлау, дуальды білім беру және өндірісті цифрландыру мәселелері көтерілді.

Атап айтқанда, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева еңбек саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. «Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы Сабыржан Қали жалақы мен ұжымдық шарттар туралы сөз қозғады.

Ал салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева жұмыс істейтін әйелдерді қолдау және бюджеттік саладағы кадр тапшылығы мәселелеріне назар аударды.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Дмитрий Павленко дуальды білім беру мен мамандар даярлау мәселелерін көтерді. Медет Үмбітғалиев өндірісті жаңғырту және жасанды интеллектіні енгізу жағдайында еңбек құқықтарын қорғаудың маңызын атап өтті.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жастар кеңесінің өкілі Юлия Вишенкова жұмысшы жастардың индустриялық болашақтағы рөлі туралы баяндады. Ал «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев зиянды өндірістерде еңбек ететін қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау мәселесін көтерді.

Пленарлық отырысты қорытындылаған Ерлан Қошанов еңбек ұжымдарының ұсыныстарын ескерудің маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің басты мақсаты – азаматтардың үнін естуге, оларды толғандырған мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беру. Еліміздің тарихында алғаш рет түрлі әлеуметтік топтардың, кәсіби қауымдастықтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері бір конституциялық органға біріктіріліп отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Форумға Қазақстанның Еңбек Ерлері Ришат Әміренов пен Мұрат Қайыргелдин де қатысты.

Жұмыс сапары аясында делегация Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, шығармашылық зиялы қауым, азаматтық қоғам, жастар ұйымдары және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.

Сондай-ақ С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада қоғамдық даму және азаматтық сектормен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Форумда көтерілген бастамалар еңбек жағдайларын жақсарту, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестіктегі рөлін нығайту мәселелерін қамтыды.

Фотосуреттерді түсірген Валерий Бугаев және Есенжол Исабек