Жауын аз, күн ыстық: Шарбақты шаруалары өнімді қалай сақтап қалды?
Биыл ауданда 212,7 мың гектар егістік алқабы игерілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына барып, егін жинау науқанының барысымен танысты.
Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, шаруалар биыл нарықта сұранысы жоғары дақылдарға басымдық берген. Дәнді дақылдар төрт мың гектарға, ал майлы дақылдар 92,6 мың гектарға егілген.
Мал азығын дайындау жұмыстарының 86 пайызы орындалған. Соңғы жауын-шашыннан кейін табиғи шөптің өнімділігі гектарына 9 центнерге дейін көтерілген. Қазіргі уақытта 300 келілік бір рулон шөптің бағасы 7-8 мың теңге шамасында.
Аудандағы «Победа» шаруашылығында да мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілген. Шаруашылықта сенаж бен жүгері жинау аяқталған, дәнді дақылдар да орылған. Мұнда бір мың гектарға жуық алқапта егін егіліп, көпжылдық шөптер де өсірілуде.
Биылғы ауа райына қарамастан, ауданда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына жеті центнерді құрады. Майлы дақылдарды жинау жұмыстары басталып, орташа өнімділік гектарына 10 центнер шамасында болып отыр. Ауа райы қолайлы болған жағдайда дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын он күн ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Ірі шаруашылықтар жиын-терімді аяқтаған.
Облыс әкімі Асайын Байханов биылғы егістік науқанының оңай болмағанын атап өтті.
– Биылғы жазғы егістік науқан оңай болған жоқ. Кей аудандарда бір тамшы ылғал келген жоқ. Оның үстіне ыстық болды. Уақытында егіп, уақытында тыңайтқыш енгізіп, басқа да агротехнологияларды қолданған шаруашылықтар ең болмаса өз шығындарын ақтап, пайда көру үшін мүмкіндіктер ашып отыр, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов «Амид» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Шаруашылық басшысы Дмитрий Белявскийдің айтуынша, қожалықтың жалпы жер көлемі 3493 гектарды құрайды және оның барлығы ауыл шаруашылығы айналымында.
Мұнда төрт түрлі дақыл өсіріледі. Оның ішінде 683 гектарға бидай егілген. Бидай жинау жұмыстары толық аяқталып, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құраған. Арпа 128 гектарға егіліп, гектарына 12 центнер өнім алынған.
Қазір шаруашылықта қарақұмық жинауға дайындық жүріп жатыр. 754 гектарға егілген қарақұмыққа десикация жүргізу жоспарланған. Дақылдың тұқымы Шығыс Қазақстан селекциясына жатады.
– Биыл жауын-шашын бойынша қиындықтар болды. Бірақ жолақтап жауды. Қарақұмық бойынша екі рет өңдеу жүргізіп, ылғалды жаптық. Екі механикалық өңдеу жасадық. Қазіргі таңда жағдайы жаман емес, – деді Дмитрий Белявский.
Шаруашылықта 1928 гектарға майлы дақылдар егілген. Оның 500 гектарға жуығы жиналып, орташа өнімділік гектарына 11 центнер шамасында болып отыр.
Егін өнімділігін арттыру үшін шаруашылықта минералды тыңайтқыштар мен жапырақ арқылы берілетін қоректік заттар қолданылған. Атап айтқанда, көктемгі егіс кезінде гектарына 80 килограмм сульфоаммофос енгізілген. Сонымен қатар, қарақұмық алқаптарында аминқышқылдары мен гүлдеу кезеңінде бор қолданылған.
Шаруашылық басшысы тыңайтқыш қолданылған және қолданылмаған алқаптардың айырмашылығы көзге анық көрінетінін атап өтті. Осыған байланысты келесі жылы минералды тыңайтқыштарды қолдану арқылы егіс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
– Сульфоаммофос қолданылған және қолданылмаған жердің арасында, әсіресе сыртқы көрінісінде, үлкен айырмашылық бар. Әзірге бұл учаскені жинаған жоқпыз. Бірақ айырмашылық өнімділіктен де көрінеді деп ойлаймын. Сондықтан келесі жылы минералды тыңайтқыштарды қолданатын алқаптарды көбейту міндеті тұр, – деді Дмитрий Белявский.
Шаруашылықта ара шаруашылығымен айналысатындармен де тұрақты байланыс жолға қойылған. Соңғы үш жылда егістік алқаптарға оңтүстіктен, атап айтқанда Тараз, Мерке және Алматы өңірлерінен омарташылар келіп жұмыс істейді. Олармен алдын ала келісіліп, егістік карталары беріледі.
Шаруалардың айтуынша, аралардың жұмысы майлы дақылдардың өнімділігіне оң әсер етеді. Облыс әкімі де аралардың тозаңдандыру жұмысы өнімділікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Дмитрий Белявскийдің айтуынша, шаруашылықтың техникалық базасы да жаңартылып келеді. Қазіргі таңда мұнда бес егіс кешені және жеті трактор бар. Ескі, кеңестік кезеңнен қалған ауыл шаруашылығы құралдарының барлығы дерлік жаңартылған. Астық жинайтын комбайндардың ең ескісі 2021 жылы шығарылған.
Өнімді өткізу бойынша да мәселе жоқ. Шаруашылықтың өз қоймалары бар, сондай-ақ элеваторлармен және тұрақты сатып алушылармен жұмыс істейді.
Дмитрий Белявскийдің айтуынша, биылғы егін жинау науқанын былтырғыдан ертерек аяқтау жоспарланып отыр. Өткен жылы ауа райы мен жауын-шашын жұмысты біраз кешіктірген. Биыл жағдай қолайлы болса, жиын-терімді шамамен бір жарым ай ертерек аяқтау мүмкіндігі бар.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселесіне тоқталған Асайын Байханов соңғы жылдары қаржыландыру тетіктерінің жеңілдегенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын субсидиялардың кешігуі шаруаларға қиындық туғызған. Қазір қаржыландырудың бірыңғай шарттары енгізіліп, несие бес пайыздық мөлшерлемемен беріледі.