Павлодар облысында желмен жарысқан киіктер бейнежазбаға түсті
Ақбөкендер Баянауыл ауданына қоныс аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оларды биіктен аудан тұрғыны Аман Қанат дрон арқылы түсірген. Әлеуметтік желідегі бейнежазба мыңдаған қаралым жинады. Ғаламтор қолданушылары сирек кездесетін құбылысты көруге мүмкіндік бергені үшін таңданысын және алғысын білдірді.
Кадрларда алтын түстес далада киіктер кеңістікте жүзіп бара жатқандай жүйткіп барады. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, бұл көрініс ұмытылмас әсер қалдырады.
«Біздің жаққа ақбөкендер келді. Кең даламыз қайта тіріліп кеткендей. Табиғаттың нағыз иелері өз мекеніне оралды. Желмен жарысып жосылған сәттері - көз тоймас көрініс», – деп жазды Аман Қанат.
Киік – сирек кездесетін әрі нәзік жануар. Бұл тұяқтылар жылдамдығы, төзімділігі және маусымдық көшу қабілетімен танымал. Бүгінде киіктерді Ақсу, Екібастұз, Май және Баянауыл аудандарының далаларынан кездестіруге болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай табиғи көшу – экожүйенің саулығының маңызды көрсеткіші әрі сирек түрді қорғауға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесі.
Айта кетейік, Қаражар ауылының тұрғыны Аман Қанат соңғы айларда бұғы, бұлан, арқар және сирек құстарды камераға түсіріп алған. Ал өзінің дронын «Лашын» деп атаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram