Асайын Байханов шаруа қожалықтармен құрғақшылық мәселесін талқылады
Шаруалар үшін бірқатар мәселенің шешімі табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов су тапшылығы жағдайында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жемшөп дайындаудағы тәуекелдер және басқа да бірқатар мәселелерді шешу мақсатында шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесті.
– Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы жайылма алқаптарына судың аз көлемде жіберілуіне, жаңбырдың болмауына және аптап ыстыққа байланысты бірқатар қиындықтар туындады. Соның нәтижесінде жемшөп дайындау бойынша тәуекелдер бар, біз мәселені үнсіз қалдырмаймыз және бүгін осы мәселелерді шешу жолдарын ашық талқылауға дайынбыз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Қазіргі уақытта облыста 327 мың га жер шабылды. Өңірдегі орташа өнімділік гектарына 12,1 центнерді құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден сәл төмен. Бұл жағдайда шөптің төмен өнімділігі Аққулы мен Май аудандарында байқалады.
Жемшөп өндірісіне байланысты дағдарыс жағдайды болдырмау үшін бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінді, қосымша тағы 1 млрд. теңге бөлу жоспарлануда, ірі-қара малдың 1 басына жем құнының нормативі 7 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар, дизель отынының да жағдайы талқыланды.
– Арзандатылған дизель отынының көлемін 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды, құны литріне 245 теңгені құрайды, 2 оператор анықталды («LF TRADE» ЖШС, «ТК Парнас» ЖШС)– деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, бейінді министрліктердің, қаржы институттарының және т. б. өкілдерін шақыра отырып, осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізу ұсыныстарын білдірді.
Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне және ауыл шаруашылығы басқармасына 30 қазанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарын уақтылы жинауды қамтамасыз етуді, ал, жер қойнауын пайдалану басқармасына, сондай-ақ, Май және Баянауыл аудандарының әкімдіктеріне лиманды суару жүйесін қалпына келтіру бойынша жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Фото: Валерий Бугаев