Алаяқтарға ұрынған қарағындылық Павлодар полицейлеріне алғыс айтты

Алаяқтарға ұрынған қарағындылық Павлодар полицейлеріне алғыс айтты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары 3,5 миллион теңгені иесіне қайтарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция депаратментінің Instagram парақшасына тұрғындардың атынан алғыс хаттар үнемі келіп тұрады. Кезекті хабарлама Қарағанды қаласының тұрғыны Әнуар Чекеден келді.

Ол департаменттің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлеріне жедел және кәсіби жұмысы үшін шын жүректен алғысын білдіруде. 

– 27 мамырда маған белгісіз нөмірден қоңырау шалып, «Энергоцентр» қызметкерлері ретінде өздерін таныстырды және қызметті растау сылтауымен 1414 қысқа нөмірінен келіп түскен СМС-кодты айтуды сұрады. Мен алданып, кодты айттым. Осыдан кейін Ұлттық банк өкілдерінен қоңырау келіп түсті, олар менің атымнан несие алуға тырысып жатқанын хабарлады. Мен олардың барлық нұсқауларын орындадым және екі банкте 3 500 000 теңге сомасына несие рәсімдеді, оны кейіннен алаяқтар ұсынған картаға аудардым. Біраз уақыттан кейін мен алаяқтықтың құрбаны болғанымды түсіндім және дереу банкке жүгіндім, – деді Әнуар Чеке.

Банк қызметкерлері қарағандылыққа қаражат  қолма-қол ақшаға айналғаны туралы хабарлады. 

– Осы кезде маған Павлодарлық полиция қызметкері хабарласып , қаланың банкоматтарының бірінде менің ақшамды қолма-қол ақшаға айналдырған қаскүнемнің ұсталғанын хабарлады. Мен Павлодар киберқылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлердің жеделдігі мен кәсібилігіне таң қалдым, – деді ер адам. 

Павлодарлық полицейлері әрекеттерінің арқасында Әнуар Чеке ұрланған қаражатты қайтара алды. 

– Бүкіл ұжымға зор денсаулық, қызметте табыс және олардың қиын, бірақ аса маңызды еңбектерінде сәттілік тілеймін, – деп жазды ризашылық білдірген ер адам.

Бұл ретте тәртіп сақшылары азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмысқа қарсы күрес жұмыстың негізгі міндеттері екенін ылғи айтады.