Жаңа заң: Павлодарлық кәсіпкерлерге лицензия алу туралы ескертілді
2025 жылдан бастап дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жөніндегі қызметтер лицензияланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында қаңтар айында қолданысқа енгізілетін негізгі санитарлық талаптарды түсіндіру бойынша кәсіпкерлермен кездесу өтті. Семинарды Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова өткізді.
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация бойынша барлық қызметтер лицензиялануы тиіс. Қызметтің бұл түрі ұзақ жылдар бойы лицензиялауға жатпады. Заңнамадағы осы өзгерістерге байланысты жаһандық өзгерістердің алдында тұрмыз. Жұмыстың осы түрін лицензиялау үшін қойылатын талаптармен танысу –күрделі міндет. Бұл талаптардың барлығы енгізілмес бұрын барлық мәселелерді шешуіміз керек, – деді ол.
Мұндай қызмет көрсететін бизнес субъектілерінің өкілдері мен басшылары бүгінгі қолданыстағы заңнаманы зерттеу үшін жиналды.
– Халықтың денсаулығын сақтау туралы сөз болғанда бизнеске ерекше жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан олар қаншалықты қатал немесе ерекше болып көрінсе де талаптарды қатаң сақтауы керек. «Атамекен» палатасы құзыретті мемлекеттік органдармен бірге көмектеседі, – дейді Павлодар облысы «Атамекен» палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Кәсіпкерлерге заңнамалық нормалардың презентациясы ұйымдастырылып, бірге талқыланды және барлық материалдар ұсынылды.