Павлодар облысында дәрі-дәрмектер рецептсіз сатылған

Өңірде «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті аталмыш операцияның негізгі міндеті – есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын, сондай-ақ фармацевтикалық қызмет қағидаларын және есірткі айналымы саласындағы үй-жайларға қойылатын талаптарды бұзушылықтарды анықтау екенін атап өтті.
Аталған іс-шараны өткізген бес күн ішінде полицейлер бақылаудағы заттар айналымы саласында төрт әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде екі бұзушылық дәріханаларда дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатумен байланысты. Оған қоса, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы нысандар мен үй-жайлардың техникалық нығаюы талаптарын бұзудың бір фактісі және заңсыз фармацевтикалық қызмет фактісі анықталды.
– Рейдтік іс-шаралар кезінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері Павлодар қаласының дәріханаларының бірінде күшті әсер ететін психотроптық дәрі-дәрмекті рецептсіз сату фактісін тіркеді. Қызметкерлерге қатысты материал жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жіберілді, – деді департаментте.
Осыған ұқсас факті Екібастұз қаласында анықталды, онда жергілікті тұрғын тиісті рецептсіз медициналық препараттарды сатқан.
Полицейлер есірткі және психотроптық заттар айналымы саласында жұмыс істейтін 51 фармацевтикалық және медициналық қызмет субъектісін – 18 дәріхананы, екі қойманы, бес емдеу-профилактикалық мекемені және үш өнеркәсіптік кәсіпорынды тексерді.