Железин ауданында мектеп пен медпункт салынады
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов аудан тұрғындарымен өткен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Моисеевка мектебі бірнеше жылдан бері апаттық жағдайда тұр. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша мұнда 100 орындық мектеп салынады. Бұл заманға сай жабдықталған заманауи мектеп болады. Мұндай мектептер Баянауыл ауданының Қаражар және Павлодар ауданының Сычевка ауылдарында салынады. Осылайша сараптамаға сәйкес облыста апаттық деп танылған мектеп болмайды, – деді Асайын Байханов.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Мыңкөл ауылында медициналық пункт бой көтеретіні туралы айтып өтті.
– Ол үшін жер телімі бөлініп, жер кадастры жоспары әзірленген. Облыстық бюджет есебінен 90,7 миллион теңгеге Жаңажол, Башмачное, Алакөл және Веселая роща ауылдарына төрт санитарлық көлік сатып алынады, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысының айтуынша, жалпы ауданда байланыс сигналы әлсіз, мобильді интернет жоқ 14 ауыл бар. Биылғы жылдың соңына дейін Озерное ауылында Теле2 опараторы 3G технологиясы бойынша байланыс сапасын жақсарта түспек. Қалған 13 ауылды «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасына енгізу жоспарланып отыр.