Павлодарда аудармашы, сатирик Қадыр Тайшықовқа арналған кеш өтті

37 жыл ғана өмір сүрген жазушының артынан өшпес еңбегі қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл жазушы, аудармашы, сатирик Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С. Торайғыров атындағы әмбебап орталық кітапханасы бірігіп, арнайы «Қадыр тағылымы» атты кеш ұйымдастырды. Іс-шараға оның аталас туысы Сайлау Байбосын және де тарихи тұлғаны зерттеп жатқан ғалымдар жиналды.
– Қадыр Тайшықов Павлодар өңірінен шыққан, бірақ қазір ұмытылып, аты аталмай кеткен адамдардың бірі. Ол зұлмат заманның құрбаны болды. Кешегі Бейімбеттердің, Сәкендердің ізін басып шыққан жас жазушылардың бірі, аудармашы, ақын, сазгер, сондай жан жақты талант иесі болған адам. Жүсіпбек Аймауытовпен немере-шөберелі туыстар. Мәшһүр Жүсіп атамыз жазады ғой, Қуанның төрт баласы бар: Молдабай, Ордабай, Дәндібай, Ноғай. Дәндібай Жүсіпбектің атасы, Ордабай менің атам, Ноғай мына Қадырдың атасы, – дейді облыстық Ақбеттау журналының редакторы Сайлау Байбосын.
Қадыр Тайшықов 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түседі, бірақ соңынан арыз келіп, ол байдың, болыстың баласы деп оқудан шығарып жібереді. 1928 жылы «Еңбекші қазақ», 1932 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде әдеби қызметкер, 1933-1937 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасында редактор болған. Сол уақыттарда «Мөлтең», «Бұйрас», «Қабсыңқа» деген лақап атпен жарияланған әңгімелері мен фельетондары бар. 1935 жылы «Күлмесек не?» атты сатиралық жинағы, 1936 жылы «Октябрь ұшқыны» атты кітабы жарық көрген.
– Ол алғашқы болып Гогольдің «Өлі жандар», Фурмановтың «Чапаев», М.Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты роман, повестерін аударған. Оның күйлері мен шығарған әндері радиодан беріліп тұрған, – дейді Сайлау Байбосын.
Қадыр Тайшықов 1937 жылы 28 желтоқсанда ұсталып, шығысқа қарай айдалып кетеді. Сол айдауда жүргенде 37 жасында атылады. 37 жыл ғана өмір сүрген жазушының артынан өшпес еңбегі қалған. Қазіргі таңда жас ғалымдар жазушының еңбектеріне қызығушылық танытып, зерттеу жұмыстарын жасауда.
Бұл ретте, мерейтой қарсаңында ең алғашқы рет облыс бойынша жас студенттер арасында сатира байқауы өткізілген. Жалпы, оннан аса жұмыс келіп түсіп, іс-шара барысында жас зерттеушілер марапатталды.