«Ел анасы» Бақытжамал Максилова: Алғыс күні күнделікті болу керек
Ол Алғыс айту күнінің маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің , облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова өңірдің тұрғындарын мерекемен құттықтап, 1-наурыз халықтың өмірінде алатын мәнін жеткізді.
– Әрине, бір күн атаулы болады. Алғыс күнін естерімізде қалатындай етіп, жариялау жақсы. Себебі, жүрегіңде айтылмай жатқан сөздерді сол күні айтасың. Менің ойымша, алғыс айту күні күнделікті болу қажет,– деп атап өтті ол.
«Ел анасы» алғыс сөздерін күніне кем дегенде төрт-бес рет айтады.
– Мен Ең бірінші Аллаға, сосын ата-анама, ұстаздарыма алғысымды білдіремін. Таңертең тұрғанда Аллаға осы берген күніме рақмет деп айтамын. Маған берген ұрпақтарыма, отбасым үшін, осындай елде тұрғаныма ризашылығымды білдіремін. Тіпті ішіп жатқан суыма дейін алғыс айтамын,– деді Бақытжамал Максилова.
Оның пікірінше, алғыс сөздер жүректен шығу керек, оны жайдан жай адамдарға айта бермейсің. Бақытжамал Максилова ерекше есінде қалған екі ұстазы бар – Зәра Қожахметова мен Рәзия Молдабековаға.
– Зәра Қожахметова өмірін халыққа сыйлап, еліне қызмет жасап кеткен. Рәзия Молдабекова да бізді тәрбиелеп, қазақ қызы қандай болу керектігін үйреткен. Қатты сөйлемей, орта дауыспен сөйлеу керектігін түсіндірген. Олар мені білімге, ғылымға, мәдениетке үйретті,– деді ол.
Жалпы Бақытжамал Максилова өзі жүрген «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің апалары, келіндері, жеңгелеріне, ҚХА-ның әріптестеріне құрметпен қарап, оларға алғыс айтып жүреді.
– Менің еңбегімді бағалап, құрметке бөлеп жатқан жандарға да алғысым шексіз. Бұл бір күндік мереке болғаныменен, күнделікті болсын деп тілейімін. Әр жанға, жанымыздан кетіп бара жатқан адамға, елге алғысымызды айтайық,– деп айтты Бақытжамал Максилова.
Еске сала кетейік, Көктемнің алғашқы күні, 1 наурызда қазақстандықтар алғыс айту күнін атап өтеді.