Мықты басшы: Железин ауданының тұрғындары не үшін дауыс беріп жатыр?
Үш жарым мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауданның ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, тұрғындар көтеріңкі көңіл-күймен дауыс беруге келіп жатыр. Жалпы 33 сайлау учаскесінде 10 443 сайлаушы келіп, өз таңдауын жасауға құқылы. Оның ішінде 3894 адам өз дауысын беріп үлгерді. Үйден 242 адам дауыс беруге өтініш білдірген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың саны-123 адам. Железин аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алтын Кәрімованың айтуынша, олардың ыңғайлығы үшін сайлау учаскелерінде барлық жағдайлар қарастырылды.
–Арнайы бұрыштарда қажетті құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар толығымен жабдықталды, – деді Алтын Кәрімова.
Ең бірінші болып келген, жасы ең үлкен және жас сайлаушыларға естелік сыйлықтар мен тәттілер берілді. Ауылдар арасында ең жас сайлаушы 18 жастағы Данияр Акушев болды.
Дауыс беруге аудандық ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Олег Калюжный өз жұбайымен бірге келген. Сайлауға келген адамдардың көптігі оны таң қалдырды.
– Әйелім екеуміз Железин ауылының мәдениет үйіндегі сайлау учаскесіне таң ертесінде дауыс беруге келдік,– деді Олег Калюжный. –Адам деген ағыл-тегіл жүр. Барлығымыз бірге болашақты ойлаймыз деген сөз. Ауданымызға ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын жақсы басшы керек.
Еске сала кетейік, аудан әкімдерінің сайлауы Қазақстанда алғаш рет өтуде. Павлодар облысының үш ауданында тұрғындар жергілікті басшыны таңдайды. Өңірде жалпы 87 сайлау учаскесі кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық болады.
Фото: Шұға Нұрағалиева
Әсия Серікова