Железин ауылында шаруа қожалығының иесі спорт әлеуетінің дамуына үлесін қосты

Ауыл тұрғындары үшін бос жатқан аумақ спорт алаңына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алаң «КАБ» ШҚ компаниясының жеке қаражатына салынған. Компания басшысы Тимур Қабдулов – ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік жобаларымен танымал демеуші. Ол 2019 жылы ауылға келіп, суармалы жерлерді игеруді қолға алды. Қазіргі таңда картоп пен сәбіз егумен айналысатын кәсіпкер бірнеше жылдан бері ауылға қолдау көрсетіп келеді.
– Бұл компанияның ауыл балаларына жасаған алғашқы тартуы емес. 2020 жылы олардың бастамасымен құны 12 миллион теңге болатын балалар ойын алаңы салынды. Ал биыл бірінші маусым қарсаңында тағы бір ірі жоба құны18 миллион теңгеге бағаланған мини-футбол алаңы салынды, – дейді Железин ауылының әкімі Қанат Айсақов.
Жаңа алаң ауылдың шағын ауданында орналасқан. Бұрын бұл жерде бос жатқан аумақ болатын. Енді ол заманауи спорт алаңына айналды. Железин ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айгүл Мұқышеваның айтуынша, бұл аудан орталықтағы футбол алаңдарынан алшақ орналасқандықтан, жаңа алаңның ашылуы балалар мен жасөспірімдер үшін өте ыңғайлы шешім болған.
– Алаң тек балалар үшін емес, барлық тұрғындарға ортақ. Енді жастар мен ересектер орталыққа бармай-ақ осында келіп, спортпен айналыса алады. Алаң сапалы әрі тез салынды. Қазірдің өзінде спортпен айналысуға қызыққан балалардың қатары көбейді, – дейді Айгүл Мұқышева.
Қуанышқа толы бұл сәтке ауыл балалары ғана емес, ата-аналар мен ауыл ақсақалдары да куә болды. Алаң күн сайын ашық және қолжетімді. Алдағы уақытта мұнда футболдан алғашқы турнир өткізілмек.