Ақсу гимназиясының түлегі Бельгияда электронды тері жасауда
31 жастағы Алтынай Қайдарова қазіргі таңда Бельгия елінде жұмыс істейді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Ақсу қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дария Нұрғалиеваның айтуынша, ғылым саласында табысты еңбек етіп жатқан жас ғалым 2009 жылы аталған білім ордасын бітірген. Бүгінде техника ғылымдардың докторы наносенсорлар технологиясымен айналысады және бұл жобаларды медицина, биология, медицина саласында сәтті қолдануда.
– Алтынай гимназияда бірінші сыныптан математикалық бағытта білім алды. Ол өте зерек оқушы болатын. Гимназияны «Алтын белгіге» аяқтап, Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар және гуманитарлық ғылымдар факультетіне оқуға түсті. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Сингапурдың Наньян технологиялық университетіне оқуға құжат тапсырып, халықаралық стипендия иегері атанды. Ұлыбританиядағы Ливерпуль университетінің «электрондық коммуникациялар» мамандығы бойынша факультетінде білім алды, – дейді Дария Нұрғалиева.
Алтынай Қайдарова Қазақстанға бакалавр дәрежесімен оралған соң екі жылға жуық Назарбаев университетінде ғылыми қызметкер және оқытушы көмекшісі болып жұмыс істеген. Әрі қарай Сауд Арабиясындағы король Абдалла атындағы ғылым және технологиялар университетінің (KAUST) магистратурасына түскен. Осылайша KAUST-та 2018 жылы магистр және 2022 жылы техника ғылымдарының докторы атанған.
Бұдан кейін Еуропадағы ең танымал және беделді университеттердің бірі – Бельгияның KU Leuven университетінде докторантурадан кейінгі жұмыс туралы ұсыныс алған.
Қазіргі таңда жас ғалым нақты уақыт режимінде тасымалдаушылардың қан қысымын, температурасын және қандағы оттегі деңгейін өлшеу үшін қолдануға болатын икемді электронды терімен жұмыс істеуде. Бұл диагностика мен медициналық көмекке септігін тигізеді.
– Тері – біздің денеміздегі ең үлкен және күрделі орган: ол икемді, созылады, өзін-өзі емдейді және биологиялық ыдырайды. Протездеу мен робототехникада қолдану үшін адам терісінің көптеген функциялары бар электронды теріні жасау бойынша жұмыс істеп жатырмын. Электронды тері жасанды аяқ-қолдары бар адамдарға жанасуды сезінуге, жұмсақ пен қаттыны ажыратуға, өткір немесе қатты ыстықты анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Алтынай Қайдарова.
Оның айтуынша, заманауи электронды құрылғылар өте қатты, нәзік және көлемді болып келеді. Алайда, егер де оларды теріге ұқсас етіп жасаса, бұл адамдардың электроникамен өзара әрекеттесуін және байланысын толығымен өзгертеді. Қоршаған ортадан табиғи қорғаныс тосқауылы ретінде қызмет ететін тері адам мен құрылғылар арасындағы интерфейске айналуы мүмкін.
Зерттеуші электронды терінің схемалары, энергия жинаушылары сияқты жеке «құрылыс блоктарын» әзірлеу бойынша еңбек етуде.
Бұдан бөлек, Алтынай Қайдарова итбалықтарды бақылауға арналған көпфункциялы сенсорларды әзірлеумен айналысады. Сенсорлар жануарлардың дене температурасын, олардың қоршаған ортадағы күйзеліс деңгейі мен жылдамдығын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған әзірлемесінің көмегімен сирек кездесетін сүтқоректілердің өмір ұзақтығына әсер ететін қоныс аударуы туралы мәліметтер алынатын болады.