Железиндік шахматшы елордада топ жарды

Железиндік шахматшы елордада топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Астанада классикалық шахматтан ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазақстанның әр өңірінен қатысқан жарыста Павлодар облысы құрамында бақ сынаған Железин ауданының өкілі Рашиля Жаманбалинова жүлделі үшінші орынға ие болды.

– Бұл – оның республикалық деңгейдегі алғашқы жетістігі емес. Өткен жылы Астанадан бірінші орынмен оралған. Биыл да Рашиляны жаңа шахматтық додалар күтіп тұр. Мысалы, елордадан оралған бойда, ол Павлодарда Халықаралық шахмат күніне орай өткен блиц-турнирге қатысып, екінші орынды иеленді, – дейді Железин ауданы әкімдігінде.

Рашиля шахматқа тұрмысқа шыққан соң қызыға бастаған. Оны шахматқа баулыған – осы ойынның жанкүйері әрі өзі де жақсы ойнайтын жары. Қазір олар екі бала тәрбиелеп отыр: үлкені музыкаға әуес, ал кенжесі ата-анасының шахматқа деген қызығушылығын бөліседі.

Рашиля Жаманбалинова  жергілікті өнер мектебінде шахмат пәнінен сабақ береді. Оның шәкірттері де түрлі жарыстарда жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп жүр.