Ерғали Шәмей Паралимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды

Ерғали Шәмей Паралимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды
Фото: @turizm_sport_ministrligi

Ол Париждегі өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында сынға түсіп, румыниялық балуанға жол беріп, күміс еншіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Пара дзюдодан J1 санатында 73 кг салмақта өнер көрсеткен Ерғали Шәмей финалдық белдесуде румыниялық балуан Флорин-Александр Бологаға жол беріп, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

«Париждегі дүбірлі додада отандасымыз Ерғали Шәмей татамиде табандылық танытып, Паралимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Білекті балуанымыздың таланты мен жеңіске деген жігеріне бүкіл әлем куә болды. Оның осы жолда көрсеткен қажырлы еңбегі кез келген жанға үлгі бола алады. Ерғалиға алдағы жарыстарда жеңіс тілеймін!», –  деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Паралимпиаданың тоғызыншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде бар.