Есту қабілеті нашар павлодарлық жұмыспен қамту орталығының қызмет сапасына шағымданды
Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға кезек талонын жеке беруді сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басында Ак.Бектұров көшесінде орналасқан Жұмыспен қамту орталығына жұмыс сұрай барған есту қабілетін нашар өңір тұрғыны мәселесін шеше алмай, еңсесі түсіп қайтқанын айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Онда автор мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеке қызмет көрсетілмейтінін, өздерін әр терезеге бір жүгіртіп, құр сандалтып қоятынын айтып шағымданған.
- Біздің мүмкіндігіміздің шектеулі екенін ешкім ескермейді де. Онсыз да күн сайын түрлі қиындықтарға тап боламыз. Мүгедектік адамды көмек алу мен құрметпен қарым-қатынас жасау құқығынан айырмауы керек. Мен қаңтар айында жұмыс іздеп Жұмыспен қамту орталығына бардым. Есту қабілетім нашар болғандықтан (естімеймін, сөйлеуім анық емес), мен жазбаша түрде сөйлестім. Сол кезде маған: «қазіргі уақытта бос жұмыс орындары жоқ» деп жауап берді, - дейді автор.
Алайда тұрғын 21 қаңтар күні тағы да жұмыс іздеп аталмыш орталыққа бас сұққан. Алайда көрсетілген қызметке көңілі толмай, мәселесін шеше алмай кері қайтқан.
- «Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу» қызметі бойынша талон алдым. Кезегімді ұзақ күттім. №10 терезеге барып, жағдайымды жазбаша түрде түсіндірдім. Алайда қызметкер мені №7 терезеге жіберіп, «сонда отыра тұрыңыз» деді. Алайда ол терезе үнемі бос болмай, менен қайта-қайта өзге келушілер озып кетіп отырды. Ақырында көз жасыма ерік беріп, орталықтан кетуге мәжбүр болдым, - деп жазды ол.
Автор сөз соңында жауапты мекемеге терминалда мүгедектігі бар адамдарға арналған жеке талонның не себепті жоқтығын, «мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету» бөлімінің болмауын және неліктен «Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу» қызметі дәл сол адамдарға қолжетімсіз екенін сұраған.
Өңір тұрғынының хаты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының назарынан тыс қалмады. Тез арада құзырлы мекеме жауап беріп, оны өздерімен байланысуға шақырды.
- Сіздің шағымыңыз қарауға қабылданды. Арнайы қажеттіліктері бар азаматтарды қабылдаудың қолайлы жағдайлары жоқ деген факті бойынша электрондық кезек жұмыс алгоритмін өзгерту мүмкіндігі қарастырылатын болады. Жағдайды егжей-тегжейлі талдап, сізге нақты көмек көрсету үшін, хабарлама авторына бізбен жеке хабарламамен немесе 8 7182 325509 телефоны арқылы байланысуын сұраймыз, - деді басқармадағылар.
Ал Павлодар қаласының Мансап орталығы мүгедектігі бар адамдар үшін электрондық кезектің бөлек тәртібін енгізу мәселесі қарауға қабылданғанын айтты. Әрі туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.