Павлодарда Ресей мен Қазақстаннан 700-ге жуық жас ғалым бас қосты

Халықаралық ғылыми конференцияға 1500-ге жуық мақала қабылданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, КСРО Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевқа арналған шарада 36 секциялық отырыс бойынша 700-ге жуық қатысушы өз жобаларын қорғады.
Олардың бірі – «Сәтбаев оқуларына» алғашқы рет қатысып жатқан Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы Алмас Ескендіров. Ол «Әуен дөңгелегі: қазақтың екі тілді әндері» атты жобасын қорғады.
– Менің жобам қазақ әндеріндегі билингвизм, яғни әндерде қос тілділікті қолдану туралы. Бұл біздің болашақ ұрпаққа ана тілін үйретуге көмектеседі. Қазір көптеген адамдар өздерінің ана тілін білмейді және сөйлей алмайды. Бірақ мұндай әндерді тыңдай отырып, үйренуге әбден болады. Мысалы, ішінде павлодарлық өнерпаз бар «Ирина Қайратовна» тобының әндері YouTube-те өте үлкен қаралымға ие – 200-300 миллион. Тіпті, ең ұзын «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» деген сөзді қазір барлығы «Чина» әнінің арқасында біледі, – дейді Алмас Ескендіров.
Ана тілін үйрену мәселелерін көтеретін жоба бойынша жас ғалым жетекшісімен бірге екі жыл жұмыс істеген. Әрдайым қазақстандық заманауи әншілердің жаңа әндерін талдап отыратын көрінеді. Оған қоса, жобаға жеті қазына ретінде дәстүрлі стиль берген. Онда екі тілділікті қолданатын орындаушылардың әндерінің үзінділері бар.
Бұдан бөлек, «Математика саласындағы өзекті мәселелер» секциясына өз жобасымен келген Ертіс ауданы №2 қазақ орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушылары Айша Қалижанова мен Әнел Байкәрімова Молдахмет Кенбаев пен Мауриц Эшер сынды атақты суретшілердің картиналарын зерттеп, өз беттерінше жазықтықтарды толтырған.
– Молдахмет Кенбаев – алғашқы қазақ кәсіби суретшілерінің бірі. Оның суреттері мозайка ретінде Алматы қаласында Медеудің жанында орналасқан. Соның принциптерін зерттеп, дұрыс және дұрыс емес көпбұрыштарды қолданып, картиналар жасадық, мысалы, менің серіктесім Әнел ағашпен жұмыс істеп, мозайка жасады. Ал мен сурет салып, оны дискілермен және де түрлі түсті қағаздармен жазықтықтарды толтырдым. Аталмыш зерттеу жұмысымызға бір жылдай уақыт жұмсадық, – Айша Қалижанова.
Еске сала кетейік, «Сәтбаев оқулары» ширек ғасыр бойы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл 25-ші рет өткізілген шарада Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны жазылған бес томдық кітап жеті тілде жарық көрді. Сондай-ақ, академиктің он томдық толық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.