Жылдамдыққа салғырттық: Павлодар облысында 15 мыңнан аса заңбұзушылық анықталды
Жүргізушілердің асығыстығы мен жауапсыздығы жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жылдамдықты асыру – жол қозғалысы кезінде жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі. Қабылданып жатқан барлық шараларға қарамастан, тәртіп бұзушылардың саны азаймай отыр.
- Мәселен, Павлодар – Астана автожолында BMW X6 автокөлігінің жүргізушісі рұқсат етілген жылдамдық 140 км/сағ болғанына қарамастан, 171 км/сағ жылдамдықпен қозғалған. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, — деді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Айта кетейік, жыл басынан бері полиция қызметкерлері жылдамдық режимін бұзудың 15 176 дерегін анықтады.
Қозғалыс жылдамдығы жүргізуші немесе жолаушының асығыстығына байланысты болмауы тиіс, себебі кез келген асығыстық жылдамдықтың артуына әкеліп, жолдағы қауіпсіздікке қатер төндіреді.