Жоғарғы сот судьясы павлодарлықтарға Астана сот жүйесін үлгі етті
«Қоғамдық келісім» сарайында «Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында жиналыс өтті, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеңеске ҚР Жоғарғы сотының судьясы, сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі үйлестіруші судья Досжан Әмір, мемлекеттік тілді дамыту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті жанындағы басқару академиясының докторанты Нұргүл Қарағойшина, ардагерлер қауымы, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаевтың айтуынша, жиналыс өңірдегі сот жүйесінде мемлекетік тілдің қолданылуы қандай деңгейде екенін білу және әрі қарай жетілдіру тақырыбындаөткізілді.
– Сот процесі көбінесе орыс тілінде жүргізілетінін атап өткен жөн. Кейбір кезде іске қатысты тұлғалар соттан кейін келіп, «Біз орыс тілін түсінбедік, орыс тілін білмедік. Сұрасақ, қазақша түсіндіріп бермеді», деп айтатын кездер болады. Сол себептен сот жүйесі тілін қазақ тіліне өзгерту туралы шешім қарастырып жатыр, – деді Мұрат Солтыбаев.
Оның айтуынша, әр Қазақстан азаматы сотта өз құқығын мемлекеттік тілде қорғауы тиіс. Өйткені ҚР Конституциясында «Тіл туралы» Заңында және Қылмыстық, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстерінде тіл туралы арнайы баптар бар. Бұл іске қатысушылардың құқығын бұзбау мақсатында жазылғын.
Кеңес барысында ҚР Жоғары Сотының судьясы Астана қаласының сот жүйесін үлгі ретіндекелтірді. Қазіргі таңда елорада сот істерін қазақ тілінде жүргізу қалыпты жағдайға айналған.
– «Тіл туралы» Заңның төртінші бабына сүйенсек, ҚР Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – қоғамдық қатынастың барлық саласында мемлекеттік басқару, заң шығару, сот істерін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы, – деді судья.
«Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова судьяларға аудармашыларды жалдаудан гөрі, өздері қазақ тілін үйренгені дұрыс екенін атап өтті.
– «Ана тілі» орталығында қазақ тілі үйірмесі құрылған. Ол жерде сот, прокуратура, құқық қорғау және әкімшілік мамандарына тегін курстар ұйымдастырылады, – деді Шолпан Кинжикова.
Кеңес барысында Шолпан Кинжикова сот саласында қызмет ететін жас мамандарға қазақ тілі курстарынан өткенін растайтын сертификаттарды табыс етті.