Павлодарда Жібек Айтбаеваның мерейтойлық кеші өтпек

Павлодарда Жібек Айтбаеваның мерейтойлық кеші өтпек
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кеште ескі әндермен қатар, заманауи саздар да орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармония баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 қаңтар күні сағат 19:00-де өңір мақтанышы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жібек Айтбаеваның шығармашылық қызметінің 20 жылдығына арналған «JUREK ÄUENI» атты салтанатты кеші өтеді. 

– Мерекелік бағдарлама аясында қазақ музыкасының алтын қорына енген классикалық туындылармен қатар, бүгінгі күннің жаңа ырғақтары да орындалады. Кештің көркін арттыру үшін сахнаға Симфониялық оркестр, Камералық хор, «SARYARQA» триосы, «RUH» этно-микс ансамблі және «ҚОРЛАН» жетігеншілер ансамблі шығады. Сонымен қатар, филармония солистері Серік Рысбек пен Әлижан Қазбеков мерейтой иесімен бірге өнер көрсетіп, кештің әсем атмосферасын толықтыра түспек, – деді ұйымдастырушылар.

Шынайы сырласу мен жанды дауысқа негізделген бұл концерт Н. Назарбаев даңғылы, 1 мекенжайында орналасқан филармонияның концерттік залында өтеді. Билеттерді филармония кассасынан немесе Freedom Ticketon платформасы арқылы онлайн брондауға болады. Қосымша ақпарат алу үшін 68-02-94, 22-80-87 телефондарына немесе +7 705 536 78 51 ватсап нөміріне хабарласуға мүмкіндік бар.