Қасым-Жомарт Тоқаев: Экология - адамзат тіршілігінің түп негізі
Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді.

Ауқымы кең шара Орталық Азия елдеріндегі экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі кешенді саясат пен тетіктерді қалыптастыруға бағытталған.
Өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Ата заңда волонтерлік қызметке айрықша мән берілгенін атап өтті.
– Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына бастамашы болдық. Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру. Қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылды. Менің ойымша, олар – Қазақстанның нағыз патриоттары. Өйткені дәл осылай еңбек етіп, ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың ғана қолынан келетін ізгі іс, - деді ол.
Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланғанын еске салды.
– Тұрақты даму мүддесіне сай келетін бұл бастаманы толық қолдаймыз. Еліміздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке айрықша мән беріліп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылған. Биыл – Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Жасанды интеллект көмегінсіз экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес екені анық. Аталған технология табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық басқаруды жетілдіру ісінде мол мүмкіндікке жол ашады. Сондықтан біз Аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын қолдауға әзірміз, - деді Мемлекет басшысы.
Саммитте Армения Президенті Ваагн Хачатрян Қазақстанның су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
– Астанадағы экологиялық саммитке қатысу – мәртебе. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қазақстан Үкіметі мен халқына осы дәстүрлі әрі маңызды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Қазақстанның аймақтық және жаһандық экологиялық мәселелерді шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға деген талпынысын жоғары бағалаймыз, - деді ол.
Ал Қырғызстан Қазақстанмен және өзге көршілерімен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізсе, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Орталық Азия елдеріне өңірлік көміртек нарығын кезең-кезеңмен құруды ұсынды.