Қатты жел: Павлодарлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті

Қатты жел: Павлодарлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Фото: қала әкімдігі ұсынды

Жалпы 43 апаттық бригада жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ауа райының күрт өзгеріп, қатты желге байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында мәлім етті. 

– Қазіргі уақытта қала көшелеріндегі зақымданған жарық бағаналары мен бағдаршамдарды, электр беру желілерін қалпына келтіру бойынша 15 апаттық бригада, ауа райының қолайсыздығынан құлаған ағаштарды жинау бойынша 10 бригада жұмыс істеуде. Құлаған ағаштар туралы өтінімдерді 109 қызметі қабылдайды. Сондай-ақ, маған direct-те жаза аласыздар,– деп жазды қала әкімі. 

Бұдан басқа, облыс орталығында және қаланың ауылдық аймағында анықталған электр беру желілерінің зақымдануын жоюға «ПРЭК» АҚ-ның 18 жедел бригадасы жұмылдырылды. Электр беру желілеріндегі ақаулар туралы өтінімдерді «ПРЭК» АҚ диспетчерлік қызметіне 8 (7182) 61-06-06, 61-38-38 нөмірлері бойынша хабарлауға болады. Барлық өтінімдер дереу жұмысқа қабылданады.