Павлодарда төрт саябақта автоматты суару жүйесі болады
Аталмыш жүйе 200 мыңға жуық шаршы метр аумағында іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экологиялық кеңесте Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков 2028 жылға дейін жасыл желектер отырғызу және қаланы көгалдандыру бойынша дендрологиялық жоспар әзірленгенін айтты. «Ландшафт Дизайн Павлодар» ЖШС және «Берегиня-Био» қоғамдық қорымен бірлесіп қаланың қоныстану аумағында 200 мыңнан астам ағашқа түгендеу жүргізілді.
Орталық жағалау, «Қазқонақ» ескерткіші, Конституция алаңы және Мәшһүр Жүсіп мешіті алаңында автоматтандырылған суару жүйесі орнатылатынын айтты.
– Бүгінгі таңда жүйені іске қосу үшін барлық материалдар бар. Орнату жұмыстарын 25 сәуірде бастауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы ғашықтар саябағында гүлзарлардың автоматтандырылған жүйесін орнатып көрген болатынбыз. Нәтижесі жақсы, – дейді шаһар басшысы.
Облыс әкімі Асайын Байханов автоматты суару жүйесі қалған саябақтарда да енгізілу керек екенін атап өтті. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттама қажет.
Павлодарда жасыл желектерге күтім жасау екі жолмен: суару көліктерін жұмылдыру арқылы және автоматтандырылған суару түрінде жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, қала әкімі экологтардың ұсыныстарына сәйкес, биыл алғаш рет ағаштарды ерте кесуді жүзеге асырғандарын айтты.
– Кесуге болатын бес мыңға жуық ағаш бар, – дейді Хасар Хабылбеков. – Жасыл желектерді қалпына келтіруде ауру және құндылығын жоғалтқан ағаштарды ауыстыру бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жоспарлануда.
Оның айтуынша, жұмыс көшелердің жекелеген фрагменттері бойынша жүргізіледі. Отырғызу кезінде тек аллея ағаштары пайдаланылады. Өйткені олардың өнімді санатқа өтуі көп уақытты қажет етпейді.
– Биыл үш аймақ бойынша жасыл желектерді қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Бұл – академик Шөкин көшесі, академик Марғұлан көшесінен Генерал Дүйсенов көшесіне дейін және Абай көшесінен Нұркин көшесіне дейін. Сондай-ақ, Астана көшесінде, бұл Торайғыров көшесінен Едіге би көшесіне дейінгі аймақ. Мұнда 300-ге жуық ағаштар мен бұталарды отырғызу жоспарлануда,– дейді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, қала бойынша жалпы ауданы шамамен 25 мың шаршы метр болатын бір жылдық және көпжылдық гүлдерді отырғызуға арналған аймақтар нақтыланды.
Барлық көгалдандыру жұмыстары сәуір айының екінші жартысында басталады.
Айта кетерлігі, қаладағы барлық жасыл желектерді отырғызу биологтармен бірлесіп атқарылады.