Қауіпсіздік үшін жанкешті қызмет: Павлодарда полицейлер марапатталды

Қоғам қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына түрлі дәрежедегі марапаттар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан полициясының 33 жылдығына арналған мерекелік жиын полиция департаментінде өтті. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметінде қаза тапқан азаматтардың туыстары, облыстық және қалалық құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты кештің басында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің құттықтау жеделхаты оқылды. Полиция қызметкерлерін Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожинов арнайы құттықтап, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлдерін атап өтті.
— Кәсібилік, заң алдында бәрінің теңдігі мен азаматтарға құрмет —біздің табысымыздың негізі. Әрқайсыңыздың еңбектеріңіздің арқасында бүгінгі күні полиция еліміздің азаматтары үшін сенім мен қауіпсіздіктің символына айналды, —деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
ҚР Премьер-Министрінің үкімімен полиция қызметкері Алмаз Жақыпов марапатталды. Облыс әкімінің өкімімен 11 полиция қызметкері, соның ішінде ардагерлер Баян Мағзұмова мен Кенжібек Сүлейменов марапатқа ие болды. Департамент өкімімен 20 ардагер мен 112 полиция қызметкері марапатталды.