Павлодар облысында зиялы қауым Ұлттық Құрылтайға қатысты ұсыныстарын айтты
Президенттің сөздері талқыланып, пікірлер айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел жүргізілді. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, өткен Құрылтайға қатысты өз ой-түйсіктерін қалыптастырған спикерлердің баяндамаларын тыңдады. Олардың қатарында Павлодар қаласының Құрметті азаматы Кенже Кеңесбаев, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Динара Айтжанова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай және тағы да басқа қоғам өкілдері болды. Қазақстан журналистер Одағының Павлодар облысындағы филиалының басшысы Болат Аманбаев «Ұлттық құрылтай ортақ мақсаттарға ұйыстырады» тақырыбы бойынша сөз сөйледі.
– Құрылтай шақыру – ерте замандардан келе жатқан ата дәстүріміз. Маңызды мәселелерді еліміздің әр аймағынан шақырылған топ алдында ту ұстай алатын, сөз, ой-пікір айта алатын ақылды адамдар бас қосқан алқалы жиындарда шешіп отырған. Қазақ құрылтайының бар түйткілді мәселелерді шешіп, елдің дамуына ұлттың ұйымшылдығына жаңа серпін әкеліп отырды,– деді Болат Аманбай.
Басқа баяндамашылар ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды да тізіп шықты. Бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, тәртіп, еңбекқорлық, жасампаздық, кәсіби біліктілік сияқты құндылықтар ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев барлық баяндамашылардың пікірлерін жинап, Құрылтайға қатысты кез келген ұсыныс бойынша тікелей өзіне хабарласып, жіберуді сұрады.