Қазақстан спорты 2025: рекордтар мен жаңа есімдер жылы

Қазақстан спорты 2025: рекордтар мен жаңа есімдер жылы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өтіп бара жатқан жыл отандық спорт шежіресіндегі ең табысты кезеңдердің бірі ретінде қалмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Туризм жəне спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық атлеттер дәстүрлі спорт түрлерінде ғана емес, бұрын біз үшін беймәлім болған бағыттарда да халықаралық деңгейде биік белестерді бағындырып, ұлттық құраманың әлеуетін әлемге паш етті.

Биылғы маусымның басты ерекшелігі – жас таланттардың үлкен сахнаға шығуы. Бокстан ағайынды Сабырхандар мен Санжар Тәшкенбай бастаған жігіттер шаршы алаңда үстемдік орнатса, Әбиба Әбужақынова бастаған дзюдошылар татамиде нағыз қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Сонымен қатар, шорт-трек, фристайл және садақ ату сынды техникалық күрделі спорт түрлерінде қазақстандық мергендер мен желаяқтардың әлемдік көшбасшылармен терезесі тең өнер көрсетуі ел спортының сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды.

Қысқы спорт түрлерінде де айтарлықтай серпіліс байқалды. Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудағы жетістігі мен шорт-трекшілердің командалық еңбегі жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, паралимпиадалық спорт түрлеріндегі Ербол Хамитов пен Давид Дегтярев сынды спортшылардың жеңістері тек спорттық нәтиже ғана емес, бүкіл қоғам үшін рух пен жігердің символына айналды.

2025 жылы қаланған бұл іргетас алдағы олимпиадалық циклдерде жаңа белестерді бағындыруға және бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін берері анық. «Қайрат» футбол клубының жетістіктері мен жекелеген спортшылардың әлемдік рекордтары Қазақстанның спорттық держава ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.