Қазақстандықтар нан мен жарма өнімдерін аз тұтына бастады

Қазақстандықтар нан мен жарма өнімдерін аз тұтына бастады
Фото: Константин Шелков

2023 жылдың алғашқы тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халықтың азық-түлік тұтынуы бойынша ең көп төмендеу нан мен жарма өнімдерінд байқалған – 5,8%, балық пен теңіз өнімдері бойынша – 2,3%, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, келесі өнімдерді тұтыну көрсеткіші өскен: жұмыртқа – 6,6%-ға, жемістер – 2,8%-ға, қант пен кондитерлік өнімдер – 2,6%-ға.

Бұдан бұрынғы кезеңдердегідей, үй шаруашылықтарының тұтыну шығыстарында азық-түлік сатып алуға жұмсалатын шығыстардың ең көп үлесі ет және ет өнімдеріне (16,8%), нан өнімдері мен жарма өнімдеріне (7,9%) тиесілі.

Есепті кезеңде ет пен ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында – 22,9 кг (жан басына шаққанда тоқсанына), ең төмені Шымкент қаласында, жан басына - 15 кг.

Айта кетейік, халықтың бюджетін өмір сүру деңгейі бойынша тексеру (азық-түлік тұтынуын қоса алғанда) тоқсан сайын және жылдық негізде 12 000 үй шаруашылығын зерттеу базасында қалыптастырылады.