Қазақстанда балаларға энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде тыйым салынды

Қазақстанда балаларға энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде тыйым салынды
Фото: pixabay.com

Заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа жыл басталысымен Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Супермаркетте сатушының қатысуынсыз өзіне-өзі қызмет көрсету кассасы арқылы да энергетикті сатып алуға болмайды.

Сатушы 21 жаста екенін тексеру үшін сатып алушыдан жеке басын куәландыратын құжатты талап етуі керек. Егер сатып алушы құжатты ұсынбаса, оған тауарды сатудан бас тарту қажет.

Дүкендерде «21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады» деген белгілер қойылуы керек.

Ережені бұзғаны үшін жеке тұлғаға 58 980 теңге, кәсіпкерлік субъектілеріне 50-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Энергетикалық сусынның құрамында кофеин, туарин, мате, өсімдік сығындылары, витаминдер және т.б. бар. Оларды шамадан тыс пайдалану теріс салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл тыйым халықтың денсаулығын сақтау үшін қабылданды.

Еске сала кетейік, заң өткен жылдың шілде айында қабылданған болатын.