Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде елде 743 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азамат тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазан айының екінші жексенбісінде елімізде Мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтеді. Бұл күн инклюзивті қоғам құруға назар аударуға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтуға мүмкіндік береді. Оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің қатарында.

Мүгедектігі бар азаматтардың 414 мыңы – еңбекке қабілетті жаста, 212,9 мыңы – зейнеткерлік жаста, 117 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Мемлекет олардың өмір сүру сапасын жақсартып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау үшін жүйелі шаралар қабылдап келеді. Әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан және ол Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады. Бұл жүйе мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, оңалту шараларын, арнайы әлеуметтік қызметтерді, жұмыспен қамту мен кедергісіз ортаны қамтиды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанында мүгедектігі бар адамдар мен балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Оның міндеті – мемлекет пен азаматтық қоғам арасында диалог орнатып, өмір сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу. Сондай-ақ орталық және жергілікті билік органдары жанында 140-тан астам кеңесші ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін шешуге атсалысып жүр.

2024 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның орындалуы жөніндегі алғашқы ұлттық баяндамасын қорғады. БҰҰ комитеті еліміздің атқарып жатқан шараларын жоғары бағалап, маңызды ұсынымдар берді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы бекітілді. Оның мақсаты – медициналық үлгіден әлеуметтік-құқықтық үлгіге көшу және мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту.

2025 жылғы 1 қазанындағы мәлімет бойынша, 544 мың адам мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Жыл басынан бері бұл мақсатқа 382 млрд теңге бөлінді. Орташа жәрдемақы мөлшері – 78 267 теңге. Сонымен қатар, 110 мың адам мүгедектігі бар баланы күтуге, 51 мың адам бірінші топтағы мүгедекті күтуге арналған жәрдемақы алды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында 98 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер алады, олардың орташа мөлшері – 72 087 теңге.

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесі жетілдірілуде. Елімізде 30 нозология бойынша мүгедектікті сырттай, проактивті форматта белгілеу іске асырылып жатыр. 2025 жылы осындай форматта 79 мың өтінім қаралды. Сондай-ақ ауыр диагноздар бойынша мүгедектікті бір жұмыс күні ішінде автоматты түрде белгілеу мүмкіндігі енгізілді.

Мүгедектігі бар азаматтар протездік-ортопедиялық көмекпен, арбалармен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, жеке көмекші мен ым-ишара тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Бұл қызметтер мен құралдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Порталда мыңнан астам жеткізуші мен 32 мыңнан астам жеке көмекші тіркелген. Биылдың өзінде 467 мыңнан астам тапсырыс орындалды.

Мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық бағыттарда көрсетіледі. 2025 жылдан бастап бұл салада лицензиялау және жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Қазір 93 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін ұйымдарға 578 лицензия берілді.

2027 жылға дейін елдің 12 өңірінде заманауи оңалту орталықтарын салу жоспарланған. Қазірдің өзінде Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында орталықтар ашылды. Сонымен қатар, аутизм және басқа психикалық ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі орталықтар Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз және Шымкент қалаларында жұмыс істейді.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 111,9 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл еңбекке қабілетті жандардың 30 пайызын құрайды. Биыл 6,3 мың адам квота бойынша жұмысқа тұрды, 3,7 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, 1,4 мың адам өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен грант алды.

Кедергісіз орта құру мақсатында 2023–2027 жылдар аралығында 43 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта олардың 24 мыңы бейімделіп үлгерді. 2023 жылдан бері әлеуметтік инспекторлар заңнаманың сақталуын бақылап келеді. 2025 жылы олардың бастамасымен 1000-нан астам тексеріс жүргізілді.

Қазақстанның әр өңіріндегі мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өмір сапасының жақсарғанын атап өтуде.