Павлодарлық теміржолшыларға жеңілдетілген тұрғын үй беріледі

Павлодарлық теміржолшыларға жеңілдетілген тұрғын үй беріледі
Фото: Константин Шелков

Аталмыш бағдарлама «Отбасы банк» базасында іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде теміржол саласы қызметкерлері үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылуда. Жобаның бастамашысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.

– Бағдарлама білікті кадрларды, жас мамандарды және тапшы мамандық иелерін тартуға бағытталған. Бұл жоба кадрлардың өңірден кетуін азайтып, қызметкерлердің компанияда ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне мотивация болады деп сенеміз, – деді ұлттық компанияның баспасөз хатшысы Назерке Сәдуиева.

Тұрғын үйлер негізінен теміржол нысандарына жақын аумақтарда салынады. Баспаналар «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген шартпен беріледі. Несие мөлшерлемесі жылдық  төрт пайызды құрайды, бастапқы жарна талап етілмейді.

Бірінші кезекте пәтерлер өндірістік персоналдың жетекші мамандық иелеріне, сондай-ақ зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге беріледі. Жас мамандар үшін 60 пайыздық квота қарастырылған.

Компания өкілдерінің айтуынша, қатысушыларды еңбек өтілімі, мамандықтың маңыздылығы және басқа да критерийлер бойынша рейтингтік жүйе арқылы жүргізіледі. Аталмыш жоба әзірлеу сатысында.

Тұрғын үй кешендерінде бір бөлмеден үш бөлмеге дейінгі әртүрлі пәтер түрлері қарастырылған, оның ішінде студия-пәтерлер де бар. Пәтерлер әр жағдай бойынша жеке бөлінеді.