Қазақстанда стационарлық ем алғандар саны артқан
Елімізде 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3,4 млн астам тұрғын стационарлық ем алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 87 мың жағдайға көп.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет кепілдік берген көлемнің шеңберінде емделген науқастардың жалпы санынан 1 млн пациент медициналық көмек алды, МӘМС жүйесінде 2,4 млн жағдай емделіп, 2023 жылмен салыстырғанда 76 мың жағдайға өсті. Стационарлық деңгейде 928 мың операция жүргізілді, бұл –өткен жылғы көрсеткіштен 3,8%-ға немесе 35 мың жағдайға асып түсті.
Жыл басынан бері қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің есебінен көрсетілген компьютерлік томография (КТ) және магниттік-резонанстық томография (МРТ) сияқты 1 млн астам қымбат зерттеулерден өтті. Осы қызметтер ұсынылған 500 мың пациенттің 45 мыңы онкологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда зерттеуден өтті.
МРТ және КТ – бұл әртүрлі аурулар мен патологияларды ерте сатысында анықтауға, сондай-ақ ағзалар мен тіндердің жағдайын бағалауға көмектесетін маңызды диагностикалық әдістер.