Қазақстанда жиырма жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріледі

Қазақстанда жиырма жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріледі
Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі

Аумақтарды толығымен қамтып, өртке қарсы тиімді әрекет ету үшін қосымша 119 депо қажет, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздегі өрт сөндіру деполары желісін кеңейту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асырып жатқандарын хабарлады. Жылдың соңына дейін 20 жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы, 2025 жылдың басынан бері Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облысында әмбебап құтқару бөлімшелері ашылған. Заманауи көпфункционалды нысандар өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерінің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайларды қамтиды.

Қазір ел аумағында министрлікке қарасты 436 өрт сөндіру депосы жұмыс істейді. Алайда аумақтарды толығымен қамтып, өртке қарсы тиімді әрекет ету үшін қосымша 119 депо қажет.

Өткен жылы республика бойынша Астана, Алматы, Шымкент қаласында және Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облысында 10 өрт сөндіру бөлімшесі ашылыпты.

Астанада орналасқан өрт сөндіру депосы – жаңа құрылыс үлгісі бойынша, тез тұрғызылатын модульдік технологияларды пайдалана отырып құрылған алғашқы жобалардың бірі. Депо ішінде жұмыс кабинеттері, диспетчерлік, оқу сыныбы, демалыс бөлмесі және ас үй секілді барлық қажетті бөлмелер қарастырылған. Бұл құрылыс мерзімін айтарлықтай қысқартуға ғана емес, сонымен қатар жеке құрам үшін заманауи жабдықталған және жайлы жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Өрт сөндірушілердің қызмет атқаруына, дайындық жүргізуіне және тынығуына толықтай қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осындай заманауи өрт сөндіру деполары алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында да салыну жоспарлануда.