Қазақстандықтар өтіп бара жатқан жылды табысты деп есептейді

Қазақстандықтар өтіп бара жатқан жылды табысты деп есептейді
Фото: Ұлттық талдау орталығы

Бұл жалпыұлттық сауалнама қорытындысы аясында белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылдың қорытындыларын талдау мақсатында Қазақстанның барлық өңірін қамтыған жалпыұлттық әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді. Зерттеуге мың респондент қатысты. Нәтижелерге сәйкес, азаматтар өтіп бара жатқан жылды негізінен оң бағалады. Бұл жаһандық тұрақсыздық жағдайында қоғамның өзгерістерге бейімделу деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

«2025 жыл сіз үшін қандай жыл болды?» деген сұрақ респонденттердің біразын ойландырды. Сауалнама нәтижесінде дауыс берушілердің 37 пайызы биылғы жылды табысты деп бағаласа, 11 пайызы сәтсіз деп атаған. Ал 52 пайыз жылды тұрақты кезең ретінде сипаттады.

Қазақстандықтар 2025 жылы спорт, технологиялар мен цифрландыру, киноиндустрия, өнеркәсіп, сондай-ақ жаңа мектептер мен ауруханалардың ашылуы сияқты салалардағы жетістіктерді атап өтті.

Ең есте қаларлық оқиғалар ретінде азаматтар мыналарды атады: «Қайрат» – «Реал Мадрид» арасындағы тарихи футбол матчтары мен спорттағы жетістіктер, әлемдік жұлдыздардың концерттері (J Lo, Backstreet Boys) және мерейтойлық шаралар (Абайдың 180 жылдығы, Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы),инфрақұрылымды жақсарту, жаңа мектептер мен ауруханалардың ашылуы, жасанды интеллект саласындағы ірі жобалар және Президенттің халықаралық деңгейдегі кездесулері.

Зерттеу нәтижелері азаматтардың елдің даму бағытын қолдайтынын көрсетті. Атап айтқанда: Қазақстандықтардың 71 пайызы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, респонденттердің 77 пайызы Президенттің қызметін қолдайтынын білдірді.